ХХ ғасырдың 50-80 жылдары ауыр техниканы тізгіндеген нәзік жандылар көп болды. Ал қазір қалай екен? Наурыздың 8-і, мереке қарсаңында бүгінгі күнгі техника штурвалын ұстаған әйелдертуралы жазбақшымыз.
Діни әдебиеттерге сүйенсек, алманың Адам ата мен Хауа ана заманынан бері алар орны бөлек екенін аңғарамыз. Өткен ғасырларда басына алма құлап, бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан Ньютонның да, бүгінгі әлемдік брендке айналған смартфонның да тағдыры осы жеміспен байланысты.
Ал бұл жемісті өсіріп-баптап, өнімін нарыққа шығарып жүрген жұмысшылар ше?
Алматы қаласынан 85 километр жерде орналасқан Amal Bio алма бағы ауылдың 100-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінгі күні Amal Bioалма бағында істейтін жұмысшылардың ішінде ерлерден қалмай, олармен бірге 12 нәзікжанды қызметкер иық теңестіре еңбек етеді екен.
Олардың бірі біздің кейіпкеріміз өзі бағып-қағып жүрген жеміспен аттас - Алма Нарынбаева
Еңбекшіқазақ ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Алма Нарынбаева бақта 2016 жылдың күзінен бастап істейді. Ол кезде маусымды жұмыс – алма теруге келген-тін.
-Amal Bio-да, міне, бұйыртса, 6 жыл болады істеп, біраз жетістіктерге жетіп жатырмын, - деп әңгімесін бастады Алма Нарынбаева, - Геркулес техникасын, мотоцикл айдай аламын. Осы жерде үйрендім, 2-3 жыл болды темір тұлпарды тізгіндедім (күледі).
Басында, шыны керек, қиындау болды. Бірақ, қиындықсыз дүние де болмайды ғой! Біздің жұмыстың қиыны да бар, жеңілі де бар. Барлығын үйрендік. Қазір жұмыстың бар ыңғайын білеміз.
Көктем өзімен бірге таусылып бітпейтін қарбаласын ала келетіні белгілі. Қазір де алма ағашының бұталарын кесу уақыты. Жұмыс бастан асып жатыр. Сонда да кейіпкерімізге бірнеше сұрақ қойып үлгердік.
-Мен 3 баланың - 1 ұл, 2 қыздың анасымын. Үлкені – студент, қыздарым мектепте оқиды. Жұбайым өмірден өткелі 8 жыл болды - жалғызбасты анамын. Негізгі мамандығым – технолог. Күнкөріс болған соң қызмет таңдамадық қой. Amal Bio бізге мол мүмкіндіктер берді. Мұнда барлық жағдай жасалған. Негізі алма ағашы қоршаған ортаға пайдасы көп, алмаға деген сұраныс та мол. Бүгінгі күнімізге шүкір деймін.
- Әйел қауымы жұмыс барысында ер адамдардан қалыспайды. Ер адамдар сияқты олар да бақта жан-жақты универсал жұмысшылар және бірдей жұмыс істейді. Кейбір сәттерде әйелдер, ерлерге қарағанда, мұқият әрі ұқыптырақ болады, - деп атап өтті компания басшылығы.
Ерлерден кем еңбек етпейтін әйел қауымы үшін 8-наурыз қандай мереке?
-Көктемнің алғашқы мерекесі наурыздың 8-і ерекше күн ғой, - дейді Алма Нарынбаева. - Бәріміз оны асыға күтеміз. Бұл күннен жақсылық күтеміз. Ең басты ниет қой, шын көңілмен құттықтау болса, соның өзі қайда жатыр.
-Әріптестерімді келе жатқан мерекемен құттықтай отырып, денсаулық, бақыт тілеймін. Еңбегіміздің жемісін көрейік! – деп ниетін білдірген Алма Нарынбаева асыға әріптестерінің жұмысына кірісіп кетті.
Біз де өз кезегімізге кейіпкерімізге шын жүректен армандарының орындалуын тіледік.
Жалғасы бар...