Жасыңыз құтты болсын!
Наурыздың 14-і еліміздің батыс өңірлері Наурыз мейрамының басы Көрісу күнін атап өтеді. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Көрісу - қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.Бұл күні жасы кішілер жасы үлкен әулет мүшелеріне амандық-саулық тілеп, үй-үйді аралайды. Кішкене балалар әр үйден кәде-сый алады. Бұл – ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, ізеттілік пен мейірімге баулу.
Көрісу – жаңа жыл, жаңа өмір, жаңа күн. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз, алты ай қыстан аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта - ағайынды іздеп барып, амандық сұрасады. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілектер айтады.Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығы ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу айты – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр.
Амал құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, ғұмырыңызұзақ болғай!